ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі Өзбекстанда өнер көрсетті

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі Өзбекстанда өнер көрсетті

        30-31 мамыр күндері Өзбекстанда аты аңызға айналған биші, Өзбекстанның халық әртісі, балетмейстер әрі педагог, «Бахор» мемлекеттік халық би ансамблінің негізін қалаушы Мукаррам Тургунбаеваның туғанына 110 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Кеште ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетті.

        «Бахор» ансамблі — 1957 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысу үшін Мукаррам Тургунбаеваныңбастамасымен құрылған өзбек халық би ансамблі. Аты аталған ансамбль өзіндік қолтаңбасы бар, талайлардың таңдайын қақтырған  шоғырлы жұздызды ұжымның бірі. Ансамбльдің артистері патша көңілді көрерменнің көңілін көркейтіп, рухани азық сыйлап, құрмет пен қошеметке бөленді.

Ансамбль тарихи-этнографиялық және заманауи халық билеріне негізделген жаңа би қойылымдарымен ерекшеленеді. Олардың қатарында «Занг», «Давра», «Катта оюн», «Танавор», «Лазги», «Муноджот» сынды өзбектің классикалық билері бар.

110 жылдық мерейтой аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, концерт және би ансамбльдерінің тәжірибелі ұстаздарынан шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Мерекелік шара жаңа Кәсіподақтар сарайында салтанатты концертпен аяқталды.

Кеште көрнекті өнер және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жас артистер мен дипломаттар болды.

Кеш Мукаррам Тургунбаева атындағы «Бахор» мемлекеттік халық би ансамблінің ардагерлеріне құрмет көрсетуден басталды.

Концерттік бағдарламаның шымылдығын «Бахор» ансамблі Мукаррам Тургунбаева қойған «Бахор вальси» және «Тановар» атты танымал би композицияларымен ашты.

Мерекелік концертке 8 елдің би ұжымдары құттықтап келді. Олардың арасында Ресейдің әйгілі «Березка» би ансамблінің балет әртістері, Әзірбайжан мемлекеттік филармониясының би ансамблі, ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі (Қазақстан), «Лола» би ансамблі (Тәжікстан), Беларусь мемлекеттік академиялық би ансамблі, «Шаттық» ансамблі (Қырғызстан), Файзи Гаскаров атындағы би ансамблі (Башқұртстан) және «Айкулаш» би ансамблінің (Қарақалпақстан) әртістері.

Концерттік бағдарламада «Платочки», «Гайтаги», «Шашу», «Озорницы» және т.б бірқатар би нөмірлері орындалды.

Бұл айтулы шара Өзбекстанның Мәдениет және туризм министрлігі, Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қоры, Мемлекеттік хореография академиясы, Кәсіподақтар Кеңесі Федерациясының қолдауымен Мукаррам Тургунбаева атындағы «Бахор» мемлекеттік би ансамблінің ұйымдастыруымен өтті.