Каирде аншлаг!

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

Каирде аншлаг!

        Мысыр астанасында қазақ әуендері шырқалып, жергілікті көрермендерді баурап алды. Қаланың опера театрында Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндеріне арналған гала-концерт өтті.
        Каирдің басты сахнасында біздің артистеріміз, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Олар: Алмасбек Алматов, Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі, «Астана Опера» солистері, «Алашұлы», «Сұлу» топтары және басқа да өнерпаздар. Артистер эстрадалық, халық әндері мен классикалық шығармаларды орындады. Оларды дирижер Абылай Тілепбергеннің басшылығымен Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.
«Концерт екі елдің Мемлекеттік Гимндерін орындаудан және Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзінен басталды.
Залда жергілікті көрермендер көп болды. Олардың қошеметі біздің артистерге ерекше әсер сыйлады. Зал Мысырдың дәстүрлі әуендерінің попурриін ерекше жылы қабыл алып, зор құрметпен қол соқты.
Гала-концертпен қатар Каир опера театрында қазақ қолданбалы өнерінің көрмесі өтті. Ұлттық киімдегі артистер мен қолөнершілер қонақтардың назарына қолдан жасалған дәстүрлі бұйымдарды ұсынды.
Қорытындылай келе, Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндеріне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өткенін айтқым келеді. Каир тұрғындары мен қонақтары біздің артистеріміздің өнеріне көзайым болғанына сенімдімін. Әлемді қазақ мәдениеті мен өнерімен таныстыратын осындай іс-шаралар басқа елдерде де өтеді. Министрлік осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр»,
– деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.