Алматыда Болат Аюхановты еске алу кеші өтті

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

Алматыда Болат Аюхановты еске алу кеші өтті

«ALMATY THEATRE» сахнасында балет әртісі әрі хореограф, Қазақ КСР Халық әртісі Болат Аюхановты еске алуға арналған кеш өтті.

ҚР Мемлекеттік “Салтанат” би ансамблі, Қазақстан Республикасы би театры, Абай атындағы ҚҰАОБТ балет солистері, «Астана Опера», «Астана балет», «Гүлдер» ансамблі, «Самұрық» заманауи би театры, Селезнев атындағы хореография училищесінің оқушылары атақты балет қойылымдарын көрерменге ұсынды. Еліне адал қызмет еткен ұстаздың есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен өнерін ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен кеште зиялы қауым өкілдері қатысты. Балет артисінің өнердегі және қызметтегі әріптестері сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Шараға жиналған көрермендер киелі сахнада өнер көрсеткен артистерге алғысын білдіріп, құрмет пен қошеметтерін аямады.

Айта кетейік, Болат Аюханов еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі Ұлттық) академиялық опера және балет театрында балет артисі қызметінен бастаған.

1959-1964 жылдары А.В. Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнер институтының хореография бөлімінде білім алды.

26 жасында Алматы хореография мектебін басқарады. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында хореограф болып жұмыс істеп жүріп, жетекші балерина Инесса Манскаямен бірге өздері ұйымдастырған «Екі актер театрында» өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Балетмейстер 1965 жылдан 2010 жылға дейін Қазақстан композиторларының музыкасына 30-дан астам театр қойылымын қойған. Оның қойылымдарын Еуропа, Азия, Солтүстік Америка жұрты қызыға тамашалады.

Артистің «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан», «Болеро», «Қазақ сувенирі», «Батырлар» және басқа да қойылымдары қазақ балетінің алтын қорына енді.

13.09.2023 жыл

Алматыда Болат Аюхановты еске алу кеші өтті