Жарқын жүздесу

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің директоры Е.Кенжалиев пен ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қ.Төлегеннің бастамасымен «Жарқын жүздесу» атты игі шара жүзеге асты. «Салтанат» би ансамблінде абыроймен қызмет еткен, мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосқан ардагер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген əртісі Әлдибеков Нұрлыбек Әшірбекұлы ұжыммен кездесті. Аталмыш шара барысында артистер алдыңғы буын өкілінің үздік тәжірибесімен танысты. Ашық әңгіменің алаңына айналған кездесуде олар өздерінің көкейлерінде жүрген түрлі сауалына жауап алды.

Жарқын жүздесу

Әлдибеков Нұрлыбек Әшірбекұлы 1959 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында дүниеге келген. Болашақта әртіс боламын деп ойламаған. 1970 жылы Халық әртісі Шара Жиенқұлова ауылды аралап жас таланттарды іздейді. Солардың ішінен Нұрлыбек Әлдибеков бірден көзге түсті. Осылайша жұлдызы жанып, өнер жолына таңдады. Сол жылы А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне оқуға түседі. Қолына дипломын алып «Ән және би» ансамбліне жұмысқа орналасты. 1977-1994 ж. аралығында «Салтанат» би ансамблінде жетекші солист, балет артисі қызметін атқарды.

«Бүгінгі күн расымен де мен үшін ерекше. Себебі өзім қызмет еткен ұжымға келмегелі біраз жылдың жүзі болыпты.Соңғы рет 1995 жылы келдім. Араға 28 жыл салып міне бүгін ансамблдің директоры Елубай Кенжалиевтің шақыруымен арнайы келдім.

Толқып тұрмын. «Салтанат» би ансамблі құрылған тұста алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналастым. Жалындап тұрған жастық шақ. Жүрегім өнер деп соғып тұр. Сол кездерді қазір сағынышпен еске аламын. Ансамбльдің жетістігі мен жемісті күндерін көрдік. Сол кезде балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР халық әртісі Зәуірбек Райбаев сахналық қойылымдарды қолға алып, ансамбльдің іргетасын қалады десек артық айтқаным емес. Аты аңызға айналған «Салтанаттан» маңдайалды өнер иелері түлеп ұшты. Өнер жолын таңдағаныма өкінбеймін, мамандығыма өкпелеп көрмеппін. Қайта одан кәсібімді, болашағымды таптым. Бишілік мәңгі жастықты насихаттайды ғой. Хореография адамға алға деген ұмтылысты алғашқы қадамынан бастап үйретеді. Сол себепті биші сәті келгенде өзінің ендігі бағытын қиналмай табады деп ойлаймын. Кез-келген қимыл денсаулыққа пайдалы. Ал саф өнерді насихаттау басты міндетіміз. Себебі халық бізден үлгі алады», – деген Нұрлыбек Әшірбекұлы ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің ұжымына алғысын айтып, батасын берді. Толағай табыс пен сәттілік тілеп, алдағы уақытта ерекше қойылым күтетінін жеткізді.

Жарқын жүздесу